Кәсіпорын жайлы

Launch of Atlas V Juno from Cape Canaveral AFSҚазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Ғарыш-Экология» ғылыми-зерттеу орталығы» («Ғарыш-Экология» ҒЗО) республикалық мемлекеттік кәсіпорны (РМК)  2001 жылы құрылған. 2012 жылға дейін кәсіпорын Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігі «Инфракос» РМК «Инфракос-Экос» еншілес мемлекеттік кәсіпорны (ЕМК) деп аталды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 29.09.2011 ж. № 1112 «Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің «Инфракос» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Инфракос-Экос» еншілес мемлекеттік кәсіпорнын қайта құру және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» қаулысына сәйкесҚазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің «Инфракос» РМК «Инфракос-Экос» ЕМК14.02.2012 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Ғарыш-Экология» ғылыми-зерттеу орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны етіп қайта құрылды.

Кәсіпорын Қазақстан Республикасының аумағында ғарыштық-зымыран қызметінің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы қолданбалы ғылыми зерттеулерді жүргізумен айналысады.

Кәсіпорын қызметінің негізгі саласы ғарыштық-зымыран қызметінің Қазақстан Республикасының қоршаған ортасының күйі мен халқының денсаулығына тигізетін жағымсыз әсерін бағалау, болжамдау және оны азайту бойынша ұсыныстарды әзірлеу жұмыстарын ұйымдастырып және жүргізу болып табылады.

Кәсіпорын қызметінің негізгі бағыттары:

1) экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бағдарламаларды әзірлеу, ғылыми-зерттеу, жобалау және өзге жұмыстарды ұйымдастырып жүргізу;

2) «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ғарыштық мақсаттағы зымырандардың ұшырылымдарын экологиялық сүйемелдеу жұмыстарын жүргізу;

3) штаттық және апаттық жағдайларда ғарыштық-зымыран қызметінің әсеріне түскен аймақтардың қоршаған ортасын кешенді экологиялық зерттеу және мониторинг жүргізу;

4) штаттық және апаттық жағдайларда ғарыштық-зымыран қызметінің әсеріне түскен аймақтардағы тіршілік ортасы мен халықтың денсаулығын динамикалық бақылауды қамтамасыз ету;

5) ғарыштық-зымыран техникасын пайдаланудың экологиялық зардаптарын жою жұмыстарына қатысу;

6) ғарыштық-зымыран қызметінің әсеріне түскен өңірлердегі экологиялық жағдайды және халықтың денсаулық күйін болжамдау;

7) ғарыштық-зымыран қызметінің қоршаған орта мен халықтың денсаулығына тигізетін жағымсыз әсерінің алдын-алу және оны азайту шараларын әзірлеп және жүргізу және олардың жүзеге асырылуына қатысу;

8) ғарыштық-зымыран қызметінің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы нормативтік-техникалық және нормативтік-әдістемелік жобаларды әзірлеу;

9) жоспаралды, жоспарлы, жобаалды және жобалық құжаттаманы әзірлеу кезінде көзделген шаруашылық және өзге түрдегі қызметтің қоршаған ортаға тигізетін әсеріне баға беру (ҚОӘБ) жобаларын әзірлеу;

10) қоршаған орта нысандарын химия-аналитикалық, аспаптық және санитарлық-гигиеналық зерттеу;

11) прекурсорлар айналымымен байланысты қызмет;

12) тақырыптық геоақпараттық жүйелерді (ГАЖ) құру. Цифрлық тақырыптық карталарды құру;

13) ғарыштық-зымыран қызметінің экологиялық қауіпсіздігі және халықтың денсаулығын қорғау туралы ғылыми еңбектерді жариялау, көрмелерге, конференцияларға, семинарларға қатысу, сонымен бірге бұқаралық ақпарат құралдарында жариялану.

Кәсіпорын ғылыми ұйым ретінде аттестациядан өткен, ал өндірістік қызметті қолындағы мемлекеттік лицензияларға сәйкес жүргізеді, олар:

  • Ғарыш кеңістігін пайдалану, соның ішінде ғарыштық-зымыран техникасын жасау, шығару, пайдалану, жөндеу және жетілдіру, оның жұмыс істеуі үшін жерүсті инфрақұрылымын (полигон, командалық-өлшеу кешені, тақшалық база және т.б.) пайдалану қызметімен айналысуға арналған;
  • Медицина қызметімен айналысуға арналған;
  • Шаруашылық және өзге қызметтің 1 категориясына арнап қоршаған ортаны қорғау, табиғат қорғаумен жобалау, нормалау саласындағы қызмет түрлеріне арналған; Шаруашылық және өзге қызметтің 1 категориясына арнап экологиялық сараптама жасау саласындағы жұмыстар;
  • геодезиялық және картографиялық жұмыстарды жүргізу бойынша қызмет түрлеріне арналған;
  • прекурсорларды сатып алумен, сақтаумен, тасымалдаумен, пайдаланумен байланысты қызметпен айналысуға арналған.

Кәсіпорын «Қазақстан Республикасындағы ғарыш қызметін дамыту» мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу мен іске асырудың белсенді қатысушысы болып табылады.

Өз жобалары мен бағдарламаларын сәтті түрде жүзеге асыру үшін кәсіпорын сонымен қатар Қазақстан мен Ресейдің ғылыми институттары мен салалас ұйымдарымен «Байқоңыр» ғарыш айлағынан зымыран-тасығыштар (ЗТ) ұшырылымдарының қоршаған ортаға тигізетін әсерін кешенді зерттеу саласында бірлескен түрде жұмыс жүргізеді, ғарыш айлағына іргелес орналасқан аймақтардың әлеуметтік-гигиеналық ортасын және тұрғын халқының жағдайын тереңдетіп зерттейді, «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ЗТ мен ҚБЗ ұшырылымдарын әзірлеу мен ұшыру процестеріне экологиялық сүйемелдеу жұмыстарын жүргізеді.

Кәсіпорынның құрамында экологиялық және медициналық бағдарламалар бөлімдері, геоақпараттық жүйелер бөлімі,  Алматы қ. аккредиттелген аналитикалық зертхана, Жезқазған және Байқоңыр қалаларында мамандандырылған химия-экологиялық зертханалар бар.

Ғарыштық-зымыран қызметін (ҒЗҚ) жүзеге асыру кезіндегі штаттан тыс және штаттық жағдайларды аналитикалық қамту және оларға жедел ден қою мақсатында Жезқазған және Байқоңыр қалаларында химия-экологиялық зертханалар, жылжымалы мамандандырылған зертхана (Жезқазған қ. КАМАЗ автокөліктеріне негізделген) құрылып және аккредитациядан өтті, Алматы қ. аналитикалық зертхана толық етіп жабдықталды.

Кәсіпорында «Байқоңыр» ғарыш айлағына экологиялық мониторинг жүргізудің ауқымды электронды және картографиялық мәліметтер қоры, нормативтік-құқықтық және нормативтік-әдістемелік құжаттар бойынша; ғарыштық-зымыран қызметінің әсеріне түскен аймақтардағы халықтың санитарлық-эпидемиологиялық күйі бойынша мәліметтер қоры құрылған.